НАСА АЙҒА АДАМ ҚОНДЫРУДЫ БІРНЕШЕ ЖЫЛҒА ШЕГЕРДІ

НАСА АЙҒА АДАМ ҚОНДЫРУДЫ БІРНЕШЕ ЖЫЛҒА ШЕГЕРДІ

НАСА АЙҒА АДАМ ҚОНДЫРУДЫ БІРНЕШЕ ЖЫЛҒА ШЕГЕРДІ
НАСА 2024-тің аяғына жоспарланған Айға адам қондыру жобасын бірнеше жылға кейінге қалдырды. Бұған елеулі техникалық тәуекелдер, шындыққа жанаспайтын дайындық графигі, жеткіліксіз қаржыландыру себеп болып отыр. Бұл туралы Артемида бағдарламасының барысын тексерген НАСА Бас инспекторының 15 қарашадағы қорытынды баяндамасында айтылған.
НАСА-ның SLS аса ауыр зымыраны ұшырған Орион ғарыш кемесі Айды ұшқышсыз айналып келетін Артемида-1 миссиясы 2022-нің жазына шегерілді. Айды астронавтар айналып келетін Артемида-2 миссиясы ерте дегенде 2024-тің ортасында ұшады. Артемида-3 миссиясы аясында Айдың оңтүстік полюсіне екі адамды, соның ішінде тарихтағы тұңғыш әйелді қондыру 2026 жылдан кейін жүзеге аспақ.
Артемида-3 — өте күрделі жоба. Алдымен SpaceX компаниясы Жер орбитасына отын қоймасы ретінде пайдаланылатын Старшип ғарыш кемесін шығарады. Сосын бірнеше танкер-Старшип оған отын жеткізеді. Ақыры Адам қондыру жүйесі (АҚЖ) деп аталатын Старшип қоймадан отынын толықтырып алған соң, Ай маңындағы орбитаға бет алады.
Келесі кезеңде, SLS ұшырған Орион да Ай орбитасына шығады. Екі кеме Ай айналасында түйісіп, Ориондағы төрт астронавтың екеуі АҚЖ-ға ауысып мінеді. АҚЖ оңтүстік полюс маңына қонып, ғарышкерлер Ай бетіне түседі. Ай бетіндегі жұмыс аяқталған соң, орбитаға көтерілген АҚЖ қайтадан Орионмен түйіседі. Айда болған екі астронавт Орионға ауысып, бәрі осы кемемен Жерге оралады, ал АҚЖ-Старшип ғарышта қалады.
SLS + Орион жүйесінің әр ұшырылымы 4,1 млрд доллар тұрады екен. Жалпы, Артемида бағдарламасының үш миссиядан құралатын 1-фазасына 2021–2025 қаржы жылдары 28 млрд доллар бөлу қажет. Ал SLS Block 1B зымыраны, Mobile Launcher 2 жүйесі, Gateway аймаңы стансасы сияқты 2-фаза жобаларын әзірлеуге осы жылдары тағы 25 млрд кетеді. 2012–2020 жж. жұмсалған 40 миллиардты қоссақ, Артемида бағдарламасы 2025 қаржы жылының аяғына АҚШ бюджетіне 93 млрд долларға шығады. 2-фазаны жүзеге асыру қанша болатынын болжаудың өзі қиын.
Мақала фейзбуктегі Физика және Ғарыш парақшасынан алынды.