Қалай бүкіл дүние жүзі қате айтып жүрген элементті тек қазақтар ғана дұрысын айтып жүр? Немесе Ыбырай Алтынсарин атамыздың өшпес еңбегі.
Бүкіл дүние жүзі атын қате қолданып жүрген элементтерден бір талайы бар. Ол элементтердің аттары бастапқы да қате қойылып кеткен де, артынан елдің бәрі жаттап алған соң түзетуге үлгермей қалған.
Бірақ осы қате аталып жүрген элемент аттарының ішінен тек қазақтар ғана бір элементті өте дұрыс аударып алған, ол болса Оттегі.
Оттегін ағылшын тілінде “Oxygen” деп атайды, ол болса Грек тіліндегі oxys (қышқыл) және genes (түзуші) деген сөзден шыққан.
Бұл элемент қалай оксиген немесе қышқыл түзуші деп аталып қалды. Тарихына аздап үңілсек.
XIIIV ғасырдың соңына дейін адамдарда газ деген түсінік болған жоқ. Ол кезде тек жалғыз ғана газ ауа болатын. 1770 жылдары ағылшын химиктері Жозеф Блак (Joseph Black) және оның шәкірті Даниел Резерфорд (Daniel Rutherford) көмір қышқыл газы мен азотты ашқан соң (ол кезде бұл газдардың аты басқаша аталған) ғалымдар газдарға қызыға бастайды. Сөйтіп одан да басқа газдар бар ма деген оймен әртүрлі тәжірибелер жасап көреді. Солардың бірінде 1774 жылы Ағылшын ғалымы Жозеф Пристлей (Joseph Priestley) сынап оксидін қыздырғанда бір түрлі, бұрынғыға ұқсамайтын газдың пайда болғанын байқайды. Пристлей ол газды жинап алып, ыдысқа сақтап, ішіне тірі тышқанды салып қояды. Бұл сынақ одан бұрынғы газдарды алғанда да қолданылған еді. Бірақ бұл газ бұрынғы газдарға ұқсамайды екен, себебі одан бұрын ашылған газдар ішіне тірі тышқан салып қойғанда өліп қалған болатын, ал бұл газда тышқан өлмейді. Сосын Жозеф Пристлей ол газ жиналған ыдысқа басын тығып өзі ол газбен тыныстап көреді. Кейін Жозеф Пристлей өз естелігінде “бұл газ ауаға қарағанда тыныс алуға 4-5 есе жақсы екен” деп жазады. Ол кезде газ деген түсінік жоқ болғандықтан Жозеф Пристлей өзі ашқан бұл газды “ажыратылған ауа” деп ғана атаған.
Кейін сол заманның әйгілі химигі Франциялық ғалым Антоин Лавозиер (Antoine Lavoisier) Жозеф Пристлей ашқан ауамен (газбен) тәжірибе жасап көреді. Ол сол кезде өзінде бар күкірт, фосфор сияқты заттарда жаңағы газдың ішінде жандырады да шыққан өнімді суға жібергенде қышқыл пайда болатынын байқайды. Сөйтіп Лавозиер бұл қышқыл тудыратын газ екен деп ойлайды да ол газдың атын “Оксиген” деп қояды. Грек тілінде oxys (қышқыл), genes (тудыратын немесе пайда қылатын) деген сөз. Содан осы атау бүкіл дүние жүзіне таралып кетеді. Әрине ол атаудың қате қойылғанын ғалымдар жүз жылға жуық уақыттан кейін бірақ біледі. Бұл кезде ол атауды өзгерту мүмкін болмай қалған, себебі елдердің бәрі бұл атауға үйреніп кеткен ғой. Ал кейбір халықтар оның қате екенін де байқамай қалай бар солай ала салған.
Сондықтан Әлемнің 90% халықтары осы ағылшын атауын қолданады; мысалы, испанша: Oxígeno, Франсузша: Oxygène, Италиянша: Ossigeno, арабша: الأكسجين (Al-Oxygen) деген сияқты. Ал кейбір халықтар бұл атауды өз тілдеріне тіке аударып қолданады.
Орысша Кислород (қышқыл түзуші) деген атауды XIIIV ғасырда Михаил Ломоносов қойған. Содан кейін патшалық Ресей немесе Совет одағындағы көп халықтар осы орыс атауын тіке қолданып “Кислород” деп атайды. Ал қырғыздар Кычкылтек (қышқыл түзуші) деп өз тіліне аударып алған екен. Ал қытайша: 氧 (Yǎng), Жапонша: 酸素 (Sansō), Кроейше : 산소 (San-so) бәрі қышқыл түзуші деген сөз.
Бұл атаудың қатесі мынада: біріншіден оттегі қышқыл тудырмайды. Ол үшін кем дегенде екі барыс керек, бірінші затты оттегінде жандыру керек. Оның үстіне барлық заттарды жандырып суға салса қышқыл пайда болмайды. Мысалы металдарды алайық, Магнийді жандырып, оны суға салсаңыз қышқыл емес, негіз пайда болады.
Қазақ даласына Ыбырай Алтынсарин атамыз алғаш 1870 – 1880 жылдары мектеп ашып, қазақ тілінде оқулық жаза бастағанда көптеген әлемде жаңадан пайда болып жатқан заттарға атау беруге тура келген ғой. Сол кезде Ыбырай Алтынсаринның ғұламалығы сол ол кісі тек терминдерді аудару емес, кейбір қате қолданып жүрген терминдерді қазақшаға дұрыс баламасын берген екен.
Жоғарыдағы біз атаған газды Ыбырай Алтынсарин атамыз – оттегі деп өте дұрыс, әрі өте тамаша аударған. Себебі Оттегінің ең бірінші ролы қышқыл пайда қылу емес, қайта заттарды жандыру. Сондықтан бұл газды қышқыл пайда қылушы дегеннен, от пайда қылушы деген әлде қайда дұрыс атау.
Сөйтіп бүкіл дүние жүзі қышқыл пайда қылушы деп атап жүрген газды тек қазақ ғана от пайда қылушы деп ең дұрыс атап жүр қазір. Ол да болса Ыбырай Алтынсарин атамыздың өшпес еңбектерінің бірі!!!
Ыбырай Алтынсарин мектебіндегі қазақ балалары және кейбір мұғалімдері.
Жозеф Пристлей (Joseph Priestley) (24 наурыз 1733 – 6 ақпан 1804)
Жозеф Пристлей оттегін алуға қолданған заттары екен.
Жозеф Пристлей оттегін ашқан соң заттарды бір біріне қосып немесе қыздырып газ ашумен айналысып кетеді. Соның нәтижесінде ол кісі көптеген тағы басқа газдарды ашқан. Бірақ жоғарыда айтқанымыздай ол кезде газ деген түсінік, тіпті сөз жоқ болғандықтан ол кісі газдың бәріне ауа деген сөзді қосып атаған. Жоғарыда оттегін “ажыратылған ауа” деп атағанын айттық, ол затты қыздыру арқылы ажыратып алғандықтан солай атаған. Кейін бұл кісі азот моно оксиді газын (NO) нитратты ауа, хлор сутек газын HCl қышқыл ауа, аммияк газын (NH3) сілті ауа; диазот моно оксиді газын (N2O) ажыратылған нитратты ауа деген сияқты атаулар мен атаған. Сөйтіп, “әртүрлі ауаларды алу әдістері” деген төмендегі кітапты жазып тастаған.